Қарағанды облыстық полиция департаментінде Республика күні атап өтілді
Облыстық полиция департаментінде Республика күні атап өтілді. Шараға тәртіп сақшылары, ардагерлер және “Жас сақшы” кадет сыныбының оқушылары қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Залға жиналғандарды мерекемен департамент бастығы Нығмет Исмағұлов құттықтады.
– Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясы – елдігіміздің берік тұғыры. Онда мемлекетіміздің аумақтық тұтастығының мызғымастығы, халқымыздың жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға ұмтылысы және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіндігі нақты көрініс тапқан. Ішкі істер органдарының қызметкерлері алдағы уақытта да халықпен сапалы, жақын қарым-қатынас орнатып, өз міндеттерін, абыроймен орындайды деп сенемін. Осы салтанатты күні сіздерге зор денсаулық, игілік пен бақ-дәулет тілеймін, – деді облыстың бас полицейі құттықтау сөзінде.
ПД бастығы сындарлы жылдар бойы ішкі істер органдарында қызмет атқарып, зейнет жасында жүрсе де жастарға тәлім тәрбие беріп жүрген бірқатар ардагерді, сондай-ақ қызметінде алдыңғы шептен көрініп, антына адал қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшыларын марапаттады. Бас полицейдің қолынан 5 қызметкер уақытынан бұрын арнайы шен алса, 5 қызметкерге “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалі, 5 қызметкерге “Ішкі icтep органдарының үздігі” кеуде белгісі, 6 қызметкер Ішкі істер министрінің грамотасымен, 7 қызметкер министрдің алғыс хатымен марапаталса, 14 қызметкерге министрдің алғысы жарияланды. Сондай-ақ департамент бастығының бұйрығымен 200-ге жуық тәртіп сақшысы және 13 ардагер марапатталды.
Сонымен қатар облыстық полиция департаментінің мерекелік кешіне арнайы келген “Жас сақшы” кадет сыныбының оқушыларына да өңірдің бас полицейі арнайы құрмет көрсетіп, естелік суретке түсті. Салтанатты іс-шара соңы полиция департаментінің көркемөнерпаздары мен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Өнерпаздар мерекелік кеш барысында патриоттық әндер шырқап, еліміздің мерейін асқақтатты.