Қарағанды облыстық полиция департаментінде Тәлімгерлер кеңесінің отырысы өтті
Қарағанды облыстық полиция департаментінде Тәлімгерлер кеңесінің отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық полиция департаментінде Тәлімгерлер кеңесінің жаңа құрамы бекітілді. Оның төрағасы болып, отставкадағы полиция полковнигі Болат Ахымбеков сайланды. Жаңадан тағайындалған кеңес төрағасын жеке құрамға департамент бастығы Санжар Әділов таныстырды.
– Болат Ахымбеков ішкі істер органындағы қызметін қатардағы қызметкерден бастап, Шет ауданы, Саран қалалық полиция бөлімінің бастығы лауазымдарында қызмет етіп, Қарағанды облысы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары лауазымынан зейнетке шықты. Соңғы 10 жылда Болат Ахымбеков полиция департаменті бастығының кеңесшісі лауазымында қызмет етеді. Біздің ардагерлердің өмірлік және кәсіби тәжірибелері мол. Алдағы уақытта осы білімдерімен қызметтен алған тәжірибелерін жас қызметкерлерге беріп, оларды еңбекке баулу жолында аянбай еңбек ететініне сенемін, – Санжар Әділов.
– Сенім артқаныңызға көп рақмет! Жастарға жол көрсету, алған тәжірибемізді олармен бөлісу үлкен жауапкершілік екені сөзсіз. Тәлімгерлер мен жас қызметкерлердің арасындағы байланыс бұрыннан бар. Ішкі істер органдарында бұл жұмыс алдыңғы орынға қойылған. Алдағы уақытта біз жастарды Отан сүйгіштікке тәрбиелеу, еңбекке баулу, полицияның имиджін көтеру бағытында барлық жұмысты жасайтын боламыз, – деп атап өтті Болат Ахымбеков.
Ішкі істер органдарының ардагері зейнетке шыққанша Қарағанды облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы болған Мейрам Ысқақов осы уақытқа дейін өзінен кейінгі әріптестеріне ақыл кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп отыратынын айтып өтті.
– Тәлімгерліктің ішкі істер органдарындағы жас кадрларды жасақтауда алатын орны ерекше. Біз полицияға келген әрбір жасты жұмысқа тұрған беттен тәрбиелесек, олардың қызметке деген зейінін ашсақ, онда олардан мықты маман шығары сөзсіз, – деді ардагер Мейрам Ысқақов.
Іс-шара соңында бүгінгі таңда жастарға тәлімгерлік жол көрсетіп жүрген қызметкерлер мен жас мамандар департамент бастығының құқығымен марапатталды.