Қарағанды облысы ПД қызметкерлері командасы үстел теннисінен чемпион атанды
Қарағанды облысы ПД қызметкерлері командасы үстел теннисінен чемпион атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласында ҚР ІІМ-нің "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының спорт залында Қарағанды облысының күштік құрылымдары арасында үстел теннисінен ведомствоаралық турнир өтті.
Аталған жарыс Қарағанды облысы бойынша қаржылық мониторинг департаментінің ұйымдастыруымен өтіп, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің құрылғанына 5 жыл толуына арналды.

Турнирге өңірдегі түрлі мемлекеттік органдардың атынан алты команда қатысты. Атап айтқанда, ұйымдастырушы мекеме, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура, МКҚБ, төтенше жағдайлар департаменті және Қарағанды облысы полиция департаментінің қызметкерлері өзара мықтыны анықтады.

Қатысушылар жоғары деңгейдегі шеберліктерін паш етіп, көрермендер тартысқа толы әрі көркем ойындардың куәсі болды.
Жарыс өте қызу тартыс жағдайында өтті. Әр команда жеңіске жетуге бар күш-жігерін салды.
Дегенмен, полиция қызметкерлерінен құралған команда ерекше ойын өрнегін көрсетіп, сенімді жеңіске жетіп, турнирдің чемпионы атанды.
Екінші орынды Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінің командасы иеленсе, жүлделі үшінші орын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдеріне бұйырды.
Спорттық дода тек бақ сынасу алаңы ғана емес, сонымен қатар өңірдің күштік құрылымдары арасындағы ынтымақтастық пен кәсіби өзара байланысты нығайтатын маңызды алаңға айналды.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасып, аймақта спортты дамыту мен ведомствоаралық әріптестікті арттыруға серпін беретініне сенім білдірді.
