Қарағанды облысы полиция департаментінде алғыс айту күніне орай мәдени іс-шара өтті
Қарағанды облысы полиция департаментінде алғыс айту күніне орай мәдени іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алғыс айту күні қарсаңында Қарағанды облысының полиция департаменті "Ұлтымыз бөлек болса да, ұлысымыз бір" атты тағылымды іс-шара ұйымдастырды. Мазмұны терең бұл кездесу әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған жас мамандар мен ішкі істер органдарының ардагерлерін бір ортаға тоғыстырып, ұрпақтар сабақтастығы мен ел бірлігінің айқын көрінісіне айналды.
Қазақ, татар, ингуш, орыс және кәріс ұлттарының өкілдері бас қосқан жиын – татулық пен тұрақтылықты ту еткен ортақ мұраттың символы болды. Түрлі тағдыр тоғысқан бұл басқосу жүректерді жақындастырып, қызмет жолындағы ортақ құндылықтарды дәріптеді.
Іс-шараны ашқан Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Дәурен Ибраев аға буынның ел тыныштығын сақтаудағы өлшеусіз еңбегіне ерекше тоқталды.
– Сіздердің адал қызметтеріңіз – бүгінгі полиция жұмысының берік іргетасы. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде сіңірген еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағалауға лайық. Сіздер қалыптастырған тағылымды дәстүрлер жас буынға бағыт-бағдар беріп келеді, – деді ол.
Шара барысында департамент басшылығы атынан ардагерлерге көпжылдық мінсіз қызметі мен салалық дамуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табысталды.
Кездесу аясында ардагерлер де сөз алып, Қазақстан халқының кең пейілділігі мен қонақжайлығына ризашылықтарын білдірді. Олар осы құтты мекенде тамыр жайып, өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ата-бабалары жайлы тебіреніспен әңгімеледі. Әрбір естелік – тағдыр мен тарихтың, сенім мен сыйластықтың сабақтастығын айшықтай түсті.
Мазмұнды басқосу өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қараудың үлгісін көрсетті. Алғыс айту күні аясындағы бұл шара – татулық пен бірліктің, ортақ жауапкершілік пен рухани тұтастықтың жарқын айғағы болды.
