Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысы полиция департаментінде патрульдік қызмет ардагерлері мен жас мамандар кездесті

Қарағанды облысы полиция департаментінде патрульдік қызмет ардагерлері мен жас мамандар кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысы полиция департаментінің жауынгерлік және даңқ музейінде патрульдік қызметтің ардагерлері мен жаңа буын тәртіп сақшыларының кездесуі өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – құқық қорғау саласындағы ұрпақтар сабақтастығын сақтау, жас мамандарға кәсіби тәжірибе мен рухани құндылықтарды насихаттау болды.

Кездесуге өңірдің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосқан полиция ардагерлері қатысты. Олардың қатарында патрульдік-бекеттік милиция ротасының командирінен бастап Ленин аудандық ішкі істер бөлімінің бастығына дейінгі қызметтік сатылардан өткен отставкадағы милиция полковнигі Владимир Бузук, милиция майоры Балтабай Қонқабаев, және полиция подполковнигі Базарбек Құлтаев бар.

Ардагерлер патрульдік қызметтің қалыптасу және даму кезеңдері, қызметтің алғашқы жылдарындағы қиындықтар мен жетістіктер жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті.

Олар өз өмірлік тәжірибелері арқылы жас тәртіп сақшыларына адалдық, жауапкершілік және кәсібилік қағидаттарының маңызын ұғындырды.

Кездесу барысында жас полицейлер ардагерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, олардың бай тәжірибесінен құнды кеңестер алды.

Шараға қатысушылар мұндай кездесулердің жас буынның рухын көтеріп, қызметке деген сүйіспеншілікті арттыруда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесу соңында полиция департаментінің басшылығы атынан ардагерлерге алғыс хаттар табыс етілді. Олардың құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан зор үлесі, сондай-ақ жас мамандарды патриоттық рухта тәрбиелеудегі еңбегі ерекше атап өтілді.

Бұл игі шара полиция органдарында қалыптасқан дәстүрдің сақталып, ұрпақтар сабақтастығының қоғам алдындағы қызметтің ажырамас бөлігі екендігін айқын көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру