Қарағанды облысында алаяқ әйел бөтен біреудің атына несие ресімдеген
Қарағанды облысында бөтен біреудің атына несие ресімдеген алаяқ әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының тұрғыны өзінің атына белгісіз біреудің бір жарым жыл бұрын несие ресімдегенін несиенің үстеме пайызы өскенде бір-ақ білген.
Қарағанды облысы Бұқар жырау аудандық Полиция басқармасына 40 жастағы азамат хабарласып, былтырғы жылдың қаңтар айында белгісіз біреудің оның атына шағын несие беру мекемесінен несие ресімдегенін, сондай-ақ өзінің атына несие ресімделгенін оның үстеме пайызы өсіп кеткенде бір-ақ білгені туралы арызданған.
Келтірілген шығын көлемі 370 мың теңгені құрады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Бұқар жырау ауданына қарасты ауылдардың бірінің 45 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті азаматша жасаған қылмысын мойындады.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.