Қарағанды облысында ауыл тұрғыны бақшасынан артиллериялық снаряд тауып алды
Қарағанды облысында ауыл тұрғыны бақшасынан артиллериялық снаряд тауып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 мамыр күні Бұқар-Жырау ауданына қарасты Ғ.Мұстафин атындағы кенттік полиция бөліміне 28 жастағы ауыл тұрғыны хабарласты. Ол полицейлерге көршісі өзіне тиесілі бақшаға тазалық жұмыстарын жүргізу барысында снарядқа ұқсас зат тауып алғанын айтты. Оқиға орнына шығу барысында аталған ақпарат расталды.
Артиллериялық снарядты тауып алған 56 жастағы азамат көктемгі егіске өзінің бақшасына трактор шақыртып, тазалау жұмыстарын жүргізген. Кейін, қоқыстарын алып болған соң, трактор қопарып кеткен жерлерге күрекпен тегістеу жұмысын жүргізген. Сол кезде ол үлкен темірге ұқсас зат тауып алып, көршісіне темір алатын жерге өткізуге берген. 28 жастағы жігіт оны өткізуге дайындап, тазалап жатқанда снарядқа ұқсатып, полицияға хабарласқан.
Полиция қызметкерлері бірден оқиға орнына қоршауға алып, оған жақын жердегі адамдардың барлығына эвокуациялық жұмыстарын жүргізді.
Облыстық полиция департаменті “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлінісінің саперлері табылған заттың 125 мм снаряд екенін анықтады. Саперлер сақтық шараларын сақтай отырып, снарядты жойды.