Қарағанды облысында ауыл тұрғыны өзі баққан жылқыны ұрлап кетті
Қарағанды облысында ауыл тұрғыны өзі баққан жылқыны ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 тамызда Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданының Ғ. Мұстафин атындағы кенттің полиция бөліміне ауыл шаруашылығымен айналысатын ЖШС бірінің өкілі жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу жылқыны жайылымнан ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 700 мың теңгені құрады.
Полицейлер оқиға болған жерді қарап, қылмыстың мән-жайын зерттей келе, ұрының алыстан келмегенін анықтады. Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция күдіктіні анықтап, ұстады. Бұл шаруа қожалықтың 40 жастағы жылқышысы болып шықты. Ол кінәсін мойындап, айғақты дәлелдер алынды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.