Қарағанды облысында балалар арасында дзюдо мен волейболдан жарыс өтті
Қарағанды облысында балалар арасында дзюдо мен волейболдан жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Балалар жылы аясында Қарағанды облысының полицейлері Халықаралық балаларды қорғау күніне және Халықаралық есірткіге қарсы күрес жобасы іс-шараларын жалғастыруда. Облыстың екі қаласында дзюдо мен волейболдан жарыс өтті.
31 мамырда Қарағанды облысының Балқаш қаласында 10-12 жастағы балалар арасында дзюдодан ашық қалалық жарыс өтті. Ұйымдастырушылар қала полициясы болды. Балқаш, Приозерск қалаларынан, Ақтоғай, Шет аудандарынан 100-ден астам спортшы қатысты. Турнир сегіз салмақ дәрежесі бойынша өтті.
1 маусымда Қарағанды қаласында «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамының залында Қарағанды облысы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі және Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармалары 13-15жас қыздар арасында волейболдан турнир өткізді.
Қатысушы төрт команданың құрамы көпбалалы отбасылардың балаларынан және ювеналды полицияның арнайы есебінде тұрғандардан құралды. Спортшылар бір-біріне қолдау көрсетуді ұмытпай, алға қойған мақсатқа жетуде өзара көмек, ұжымшылдық, салауатты бәсекелестік сияқты сезімдерді дамыта отырып, жеңіске деген құлшыныста табандылық танытты.
Жалпы, іс-шаралар ынтамен, әзілмен және жағымды көңіл-күймен өтті. Жас чемпиондар медальдармен, естелік сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды. Жиналғандардың барлығына нашақорлықтың құрбаны болмау және есірткі қылмысының желілеріне түсіп қалмау туралы брошюралар мен буклеттер таратылды.
Полиция қызметкерлері мен спорт жаттықтырушыларының бірлескен жұмысы – өскелең ұрпақтың бойында дұрыс өмірлік бағдарларды, өмірге деген құндылық көзқарасты, отансүйгіштік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру.