Қарағанды облысында “Бейне номенклатуралық іс” жобасы таныстырылды
Қарағанды облысында “Бейне номенклатуралық іс” жобасы таныстырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов барды. Сапар барысында ол қалалық полиция басқармасында болып, ішкі істер органдары қызметін цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Кездесу барысында департаменттің анықтау басқармасының бастығы Азамат Ахметов облыста іске қосылған пилоттық жоба – “Бейне номенклатуралық іс” жүйесін таныстырды. Аталған жоба қылмыстық іс қозғауға негіз болмаған өтініштерді қағазбастылықсыз, бейнежазба арқылы рәсімдеуге мүмкіндік береді. Мұнда азаматтардың өтініштері тіркеліп, барлық процесс бейнетаспаға жазылады, бірақ қағаз түрінде материал жасалмайды.
Азамат Ахметовтің айтуынша, пилоттық жоба бірқатар артықшылықтарын көрсетті: архивтік материалдарды сақтаудың қажеттілігі жойылды; азаматтарды жеткізу мен материалдарды жинауға кеткен уақыт үнемделді; өтініштерді қарау әлдеқайда жеделдетілді; ең бастысы – тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалды. Өтініштерді енді полиция бөлімшесіне бармай-ақ, оқиға орнында онлайн режимде рәсімдеуге болады.
Жобаның таныстырылымына прокуратура, құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің өкілдері қатысты. Қысқа уақыт ішінде тиімділігін дәлелдеген бұл бастама алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде енгізілмек.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрлігі полиция қызметін заманауи технологиялармен қамтамасыз етіп, қызметтік процестерді толық цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. “Бейне номенклатуралық іс” жобасы – осының нақты дәлелі. Ол жеделдік, ашықтық, үнемділік пен ыңғайлылықты қамтамасыз етіп, азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасайды, – деп атап өтті Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.