Қарағанды облысында заңсыз аң аулағандар ұсталды
Қарағанды облысында браконьерлікке қарсы күрес күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында табиғатты қорғауға бағытталған жедел-алдын алу іс-шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл шаралар қоршаған ортаны қорғау, экологиялық заңнаманы сақтау және табиғат байлығын көзсіз пайдаланудың алдын алуға бағытталған.
Солардың бірі – көктем мезгілінде дәстүрлі түрде өткізілетін "Уылдырық шашу" жедел-профилактикалық іс-шарасы. Оның аясында табиғатты қорғау полициясы браконьерлікпен күресті күшейтіп, құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында рейдтік жұмыстарды жүйелі жүргізуде.
Кезекті рейд кезінде Ақтоғай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Ортадересін елдімекенінен 40 шақырым жерде заңсыз аң аулаумен айналысып жатқан үш азаматты қолға түсірді. Тексеру барысында олар киіктің тұлыбын бөлшектеу үстінде болған. Ұсталғандар — Балқаш қаласының 53, 50 және 41 жастағы тұрғындары болып шықты.
Аталған тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы бойынша (Заңсыз аңшылық) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Оқиға орнынан киік тұлыбы мен аңшылық пышақ айғақты зат ретінде тәркіленді.
Қарағанды облысының табиғатты қорғау полициясы өңірдің экологиялық қауіпсіздігін сақтау, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғау бағытында қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. Заңсыз аңшылықпен күрес – табиғатқа деген жанашырлық пен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің жарқын көрінісі.