Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында ең жас полицей жолдағы қауіпсіздікке үлес қосуда

Қарағанды облысында ең жас полицей жолдағы қауіпсіздікке үлес қосуда, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына ерекше қатысушы қосылды – бұл 8 жастағы Нұрасыл Төлегенов. Жол ережелерін жетік меңгерген балақай әлеуметтік желі қолданушылары арасында кеңінен танымал. Бүгін ол Қарағанды — Алматы бағытындағы республикалық маңызы бар тасжолда полиция қызметкерлерімен бірге жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Нұрасыл лейтенант шенін тағып, арнайы нысандық киім киіп, тәртіп сақшыларымен иық тіресе қызмет етті. Ол жүргізушілерге жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін басты ережелерді түсіндіріп, жылдамдықты асырмау, қарсы бағытқа шықпау және жолда демалысты ескерусіз қалдырмау қажеттігін ескертті.

Полиция болуды армандайтын Нұрасылдың бұл қызығушылығы бекер емес — оның әкесі де патрульдік полиция батальонының қатарында қызмет атқарады.

— Қазіргі таңда жол қозғалысы қауіпсіздігі – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі. Жаз мезгілінде Қарағанды — Балқаш бағыты бойынша көлік ағыны күрт артады. Осыған байланысты аталған жолда полиция нарядтарының санын арттырдық. Бұрын бұл бағытта 17 автопатруль жұмыс істесе, қазір олардың саны 30-ға жеткізілді. Әр патруль бекетінің арақашықтығы шамамен 10 шақырым, – деді патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.

Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Қарағанды облысында 34 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 16 адам көз жұмып, 51 азамат түрлі дене жарақатын алған. Сонымен қатар республикалық маңызы бар тасжолдарда 25 жүргізуші мас күйінде көлік тізгіндегені үшін ұсталған.

Қоғамдық қауіпсіздікке үн қосқан ең жас полицейдің бастамасы – баршаға үлгі. Бұл шара тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған іс-шаралардың бір бөлігі ретінде ұйымдастырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру