Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды

Қарағанды облысында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысының полиция департаментінде есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды. Бұл – өңірдегі есірткі қылмысына қарсы күреспен алдын алу жұмыстарын жүргізетін алғашқы орган болып табылады. Оның мақсаты – нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте полиция мен азаматтық қоғам арасында белсенді өзара іс-қимылды жолға қою.

Кеңестің құрылуы – биылғы жылдың қаңтар айында басталған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасының жалғасы. Министрліктің орталық аппаратында үкіметтік емес ұйымдармен және жұртшылықпен өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданып, бұл бастаманы елімізге танымал әрі құрметті азаматтар қолдаған болатын.

— Біздің қала мен облыс азаматтарымызды қорғауға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған идеяларды ілгерілетуден шет қалмады. Бүгін біз полиция мен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бетін ашып отырмыз. Құрметті кеңес мүшелері, сіздердің әрқайсыңыздың абырой-беделдеріңіз, тәжірибелеріңіз және ортақ іске – нашақорлық қатерінен болашақты қорғауға шынайы үлес қосуға деген ниеттеріңіз бар, — деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов кеңесті ашу барысында.

Кеңес құрамына қоғам қайраткерлері, сарапшылар, Үкіметтік емес ұйым өкілдері, сондай-ақ медиа тұлғалар мен танымал спортшылар кірді. Бұл мәселеге кешенді әрі тиімді түрде қарауға мүмкіндік береді.

Кеңес мүшелері арасында – Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев бар.

— Нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымы – тұлғаны күйрететін, ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін аса күрделі әлеуметтік мәселе. Біз тек ақпараттандырумен шектелмей, халық арасында жаңа қоғамдық сана қалыптастыруымыз керек. Болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін әрқайсымыз жауаптымыз, — деп атап өтті спортшы.

Іс-шара барысында кеңес мүшелеріне жобадағы қатысуларын растайтын куәліктер табысталды. Дауыс беру арқылы кеңес төрағасы болып Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин сайланса, оның орынбасары болып "Қазақстан азаматтары" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дмитрий Полтаренко тағайындалды.

Кеңестің құрылуы – есірткі қылмысына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстың аясында ерекше маңызға ие. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қарағанды облысының полицейлері тарапынан:
синтетикалық есірткі өндіретін зертхана жойылды; үш фитозертхананың жұмысы тоқтатылды;
өңірге есірткі жеткізудің үш ірі арнасы жабылды; синтетикалық есірткі өндіріп, таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді; бес есірткі зертханасының негізгі ұйымдастырушысы мен оның сыбайластары ұсталды; қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактісі анықталды; заңсыз айналымнан 600 кг есірткі құралдары мен прекурсорлар, оның ішінде 92 кг синтетикалық заттар тәркіленді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру