Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан тұрғынға қатысты тергеу аяқталды

Қарағандылықтарды алдап, жалпы құны 10 миллион теңгеден астам шығын келтірген азамат енді сот алдында жауап береді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысында полицейлер интернет арқылы алаяқтықпен айналысқан 27 жастағы қала тұрғынына қатысты тергеуді аяқтады. Тергеу барысында жиналған айғақтар мен дәлелдер негізінде айыптау қорытындысы жасалып, іс сотқа жолданды.

Тергеу материалдарына сәйкес, 2020 жылы қаржылық қиындыққа тап болған азамат әлеуметтік желілерді пайдаланып, заңсыз жолмен табыс табудың айла-шарғысын ойлап тапқан. Ол instagram желісінде "тапсырыс бойынша жиһаз жасаймын" деген парақша ашып, жұрттың сеніміне кірген.

Күмәнді боп көрінбеу мақсатында ол өзінің қылмыстық пиғылынан бейхабар жұмысшылар бригадасымен келісімшарт жасап, олардың еңбекақысын алданған клиенттерден түскен алдын ала төлем есебінен төлеуді көздеген.

Бір қарағанда бәрі заңды көрінгенімен, оның басты мақсаты – пайда табу болған. Ол тапсырыстар қабылдап, келісімшарт жасап, алдын ала төлем алып отырған. Артынша тек аздаған материал сатып алып, жұмыс басталғандай көрініс жасағанымен, тапсырысты аяқтауға еш ниеті болмаған. Ал уақыт озған сайын түрлі сылтау айтып, "жеке мәселелер", "жұмысшы жетіспеушілігі" секілді себептерді алға тартқан.

Осылайша 2020 жылдан 2023 жылға дейін өз қылмыстық әрекетін жалғастырған жалған кәсіпкер 22 адамды алдап, 10 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірген.

Полиция тұрғындарды қырағы болуға шақырады. Тауар мен қызметті тек сенімді сатушылардан алу, күмәнді түрде арзан ұсыныстарға сенбеу және бейтаныс адамдарға толық көлемде алдын ала төлем жасамау – басты сақтық қағидаларының бірі. Күдік тудыратын жағдайлар болса, дереу полицияға хабарлау қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру