Қарағанды облысында кезекті жедел басқару орталығы ашылды
Қазақстан Республикасының ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол Саран қаласында болып, жергілікті полиция бөліміндегі жаңа жедел басқару орталығының ашылуына қатысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған орталық “Заң мен тәртіп” қағидатын жүзеге асыру, сондай-ақ қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құрылды.
Ашылу салтанатына министрдің орынбасарымен бірге Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов және Саран қаласы әкімінің орынбасары қатысты.
Заманауи технологиялармен жабдықталған орталыққа бүгінде қала аумағындағы 613 бейнебақылау камерасы және 24 білім беру ұйымында орнатылған 307 камера қосылған. Полиция қызметкерлері тәулік бойы онлайн режимде бақылау жүргізеді.

Кездесу барысында Сәкен Сәрсенов қалалық полиция басшылығына бейнебақылау желісін кеңейту, сондай-ақ адамдар көп жиналатын жерлерге жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған интеллектуалды камераларды орнату жөнінде тапсырма берді.
— Заң мен тәртіп қағидатын іске асыруда жасанды интеллект жүйесін дамыту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажет, — деді С.Сәрсенов.
Саран қалалық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Арман Ахметовтің айтуынша, орталық іске қосылғалы бері 10 қылмыс ашылып, 5 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған.
— Полиция қызметкерлері күндіз-түні оқу орындарын, өндірістік аймақтарды және қоғамдық орындарды қадағалап отырады, — деді ол.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында министрдің орынбасары Қарағанды қаласындағы облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығында да болып, өңірдегі цифрландыру үдерісінің барысымен танысты. Кейін департаменттің мәжіліс залында полиция жұмысына цифрлық технологияларды енгізу және оның тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған жиын өткізді.
Жиын қорытындысында С.Сәрсенов цифрландыру арқылы қылмыстың алдын алу тиімділігін арттырудың маңызын атап өтіп, полицейлерге бірқатар нақты міндет жүктеді.
