Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында кезекті жедел басқару орталығы іске қосылды

Қарағанды облысында кезекті жедел басқару орталығы іске қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұқар-Жырау ауданының орталығында орналасқан аудандық полиция басқармасында жедел басқару орталығы өз жұмысын бастады. Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру мақсатында ашылған орталықтың салтанатты ашылуына Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов арнайы қатысып, жаңа орталықтың атқаратын қызметімен танысты.

Заманауи үлгіде жабдықталған жедел басқару орталығына аудан орталығында орнатылған 3 мыңға жуық бейнебақылау камерасының 1500-і қосылған. Сонымен қатар аудан аумағындағы 44 білім беру ұйымында орналасқан 1523 бейнебақылау камерасының 940-ы орталықпен біріктіріліп, полиция қызметкерлері тарапынан тәулік бойы бақылау жүргізілуде.

– Қарағанды облысы – аумағы үлкен өңірлердің бірі. Қазіргі таңда полиция департаментіне қарасты барлық қала-ауданда жедел басқару орталықтарын кезең-кезеңімен іске қосып жатырмыз. Бұл, ең алдымен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қылмыстардың алдын алуға, оларды жедел ашуға оң әсерін тигізеді. Алдағы уақытта өзге де аудандарда осындай орталықтар ашылып, заң мен тәртіпті нығайтуға бағытталған жұмыстар жалғасын табады, – деді Негмет Исмагулов.

Жедел басқару орталығының мүмкіндіктері тек бейнебақылаумен шектелмейді. Бүгінгі заман талабына сай орталық түрлі цифрлық жүйелермен интеграцияланған. Атап айтқанда, жедел жәрдем көліктеріндегі бейнебақылау камералары, қоғамдық орындарда қызмет атқаратын учаскелік полиция инспекторларының бейнетіркегіштері, сондай-ақ полиция қызметкерлері пайдаланатын қызметтік дрондардың бейнежазбалары орталыққа тікелей шығарылып, бақылауға алынады.

– Ішкі істер министрі алға қойған басым міндеттердің бірі – полиция қызметінде цифрландыруды жүйелі түрде енгізу. Ашылған жедел басқару орталығы бұл бағытта кең мүмкіндіктер береді. Мысалы, қазіргі уақытта жедел жәрдем көліктеріне орнатылған бейнекамералар арқылы қызметкерлердің шақырту түскен сәттен бастап науқасты ауруханаға жеткізгенге дейінгі барлық әрекеті бақылауда болады, – деді полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Какажанов.

Жедел басқару орталығының жұмысымен танысқаннан кейін департамент бастығы аудандық полиция басқармасының жеке құрамымен кездесті. Кездесу барысында Негмет Исмагулов өткен 2025 жылы атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы кезеңде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу, заң мен тәртіпті сақтау бағытында жеке құрамға нақты тапсырмалар жүктеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру