Қарағанды облысында Конституция күніне арналған бокстан турнир өтті
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жасөспірімдер арасында бокстан турнир ұйымдастырылды. Шараны аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, "Арлан" спорт клубы және Бұқар жырау аудандық полиция басқармасының ювеналды полициясы бірлесіп өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ботақара кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен додаға 2010–2015 жылдары туған 35 жас спортшы қатысып, өздерінің шеберлігі мен жеңіске деген жігерін көрсетті.
Турнирдің басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бокс спортын дамыту, сондай-ақ құқықбұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұдан бөлек, жас спортшыларға нашақорлықтың зияны мен заң бұзушылық үшін жауапкершілік туралы профилактикалық әңгіме жүргізіліп, арнайы ақпараттық материалдар таратылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жасөспірімдердің спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, оларды тәртіпке, отансүйгіштікке және қоғам алдындағы жауапкершілікке тәрбиелейді.