Қарағанды облысында көршілерінен ұрлық жасаған күдіктілер ұсталды
Қарағанды облысында көршілерінен ұрлық жасаған күдіктілер ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының Нұра ауданында ай басынан бері тіркелген екі ұрлық дерегінің күдіктілері жәбірленушілердің өз көршілері болып шықты.
Алғашқы жағдайда ауылдың 53 жастағы тұрғыны үйінен пештің шойын плитасының жоғалғанын анықтаған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері белгісіз тұлғаның кіреберіс есікті бұзып, тұрғын үйге заңсыз кіргенін анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрланған мүлік жәбірленушінің 47 жастағы көршісінің үйінен табылды. Күдікті кінәсін толық мойындап, ұрланған затты қайтарып берді.
Екінші дерек бойынша Нұра ауданының ауылдарының бірінде 19 жастағы тұрғын көршісінің үйіне заңсыз кіріп, есікті бұзу арқылы құлыпты, сондай-ақ ішінде 35 мың теңгесі бар әмиянды ұрлап кеткені анықталды.
Аталған екі ұрлық фактісі бойынша қылмыстық істер қозғалып, қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кету керек, Нұра ауданында қылмыстарды ашу көрсеткіші жоғары деңгейде сақталуда. Жыл басынан бері бөтеннің мүлкін ұрлаудың 16 дерегі тіркеліп, олардың барлығы толық ашылды. Кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
