Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында көші-қон полициясы үш тілде қызмет көрсетеді

Қарағанды облысында көші-қон полициясы үш тілде қызмет көрсетеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаһандық көші-қон үдерісі үдемелі сипат алып отырған қазіргі заманғы әлемде шетелдік азаматтардың сәтті бейімделуі мен қоғамға кірігуі – ең алдымен, тиімді коммуникацияға тікелей байланысты. Қарағанды облысының полиция департаменті осыны ескере отырып, көші-қон саласындағы түсіндіру жұмыстарын үш тілде — қазақ тілінде, орыс тілінде және халықаралық деңгейдегі ағылшын тілінде жүргізу тәжірибесін енгізді.

Жыл сайын өңірге түрлі мақсатпен — жұмыс істеу, білім алу немесе туыстарын зиярат ету үшін — шамамен 25 мың шетелдік азамат келеді. Үштілділік қағидасы көші-қон қызметіне жүгінетін азаматтардың барынша ауқымды тобын қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Уақытша тұруға рұқсат алу, азаматтық рәсімдеу немесе көші-қон заңнамасы жөнінде кеңес алу сынды кез келген мәселе бойынша өтініш беруші өзіне түсінікті тілде толық әрі нақты ақпарат ала алады. Бұл — заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар көмекке жүгінген әрбір адамға көрсетілетін құрметтің айқын көрінісі.

Үш тілде қолжетімді түсіндіру жұмыстары, ақпараттық материалдар мен онлайн-ресурстар – мұның бәрі құжат рәсімдеу кезінде туындайтын түсініспеушіліктер мен техникалық қателіктердің алдын алуға ықпал етеді. Сонымен қатар ағылшын тілін меңгеру көші-қон қызметіне халықаралық ұйымдармен және консулдық мекемелермен тиімді қарым-қатынас орнатуға, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға және туындаған мәселелерді жедел әрі сапалы шешуге жол ашады.

Жаһандану жағдайында және халықтың мобильділігі артып отырған кезеңде бұл тәжірибе көші-қон үдерісіне қатысушы барлық тараптар үшін қолайлы әрі түсінікті орта қалыптастыруға ықпал ететін маңызды бәсекелік артықшылыққа айналып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру