Қарағанды облысында көші-қон заңнамасын бұзған азаматтар анықталды
Қарағанды облысында полиция көші-қон заңнамасының талаптарына бақылауды күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді.
Соңғы бір апта ішінде өңір аумағында көші-қон заңнамасын бұзудың 200 дерегі тіркелді. Оның 100-і Қазақстан Республикасында болу тәртібін сақтамаған шетел азаматтарына қатысты.
Тағы 100 құқық бұзушылық Қазақстан азаматтары тарапынан жасалған. Олардың қатарында көші-қон заңнамасының талаптарын бұзған қабылдаушы тұлғалар мен жұмыс берушілер бар.
Аталған фактілердің барлығы бойынша әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.
Қарағанды облысы полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Арман Уәлиевтің айтуынша, көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау жұмыстары тұрақты негізде жалғасын табады.
