Қарағанды облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтар құрықталды
Қарағанды облысы аумағында мал ұрлығының алдын алу мақсатында 1 наурыздан бастап республикалық «Барымта» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алғашқы үш күн ішінде полиция қызметкерлерімен мал ұрлығының тоғыз фактісін жасаған сегіз мал ұрысы ұсталды. Бұрын жасалған 14 қылмыс ашылып, 11 мал ұрлығын жасаған екі қылмыстық топ ұсталды.
– Мәселен, ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылы Шет ауданының аумағында атып алу арқылы мал ұрлығын жасаған қылмыстық топтың жұмысына нүкте қойылды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 2 400 000 теңгені құраған. Тінту жұмыстары барысында күдіктілерден тіркелмеген қару және айғақ заттар тәркіленді, – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Сондай-ақ, 2021 жылы Ұлытау ауданында ірі қара ұрлаған екі адамнан тұратын топ ұсталды. Олар жәбірленушілерге 3 000 000 теңге көлемінде шығын келтірген.
Барлық фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Мал ұрлығы» бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясына сәйкес күдіктілерге дүние мүлкін тәркілеу арқылы 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Айта кету керек, мал ұрлығының алдын алу және жолын кесу мақсатында облыстық және республикалық маңызы бар тас жолдарға 21 блокбекет қойылды. Жоғалып кеткен 90 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды.