Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында мектеп басшылары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысуда

Қарағанды облысында мектеп басшылары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысуда, — деп хабарлайды Polisia.kz.

10 сәуір мен 6 мамыр аралығында Қарағанды облысында “Жасөспірім” республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Бұл бастама кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және түнгі уақытта қараусыз жүрген балаларды отбасына қайтаруға бағытталған. Акция – бүгінгі қоғам талап етіп отырған маңызды қадам. Себебі бала қараусыз қалса – қылмысқа ұрыну қаупі жоғары, ал назар мен қамқорлық – саналы ұрпақ тәрбиесінің негізі.

Облыстың ювеналды полициясы “Бөгде бала болмайды” қағидатын ұстанып, отбасы, мектеп пен қоғам арасындағы байланыстарды күшейтуде. Дәрістер, профилактикалық әңгімелер, консультациялар, спорттық және мәдени іс-шаралар – барлығы да балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Бұл маңызды іске білім беру ұйымдары да белсенді қолдау көрсетуде. Ата-аналармен бірлесіп жұмыс істеу, жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқын түзету – дені сау және қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі.

Қарағанды қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы аудан мектептерінің басшылары – Октябрь аудандық полиция бөліміне қарасты аумақта орналасқан оқу орындары – полиция бастамасын қолдап, ата-аналар мен қамқоршыларға, сондай-ақ жас ұрпақ үшін жауапты барша азаматтарға үндеу жасады. Олар балалардың өміріне белсене араласып, мектеппен және құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырды. Өйткені тек осындай ынтымақтастық арқылы ғана балалар үшін қауіпсіз әрі бақытты балалық шақты қамтамасыз етуге болады.

– Балаларымыздың болашағы – біздің қолымызда. Қауіпсіз орта мен сапалы тәрбие – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өз балаңызға да, айналаңыздағы жасөспірімдерге де бейжай қарамаңыздар, – делінген мектеп басшыларының үндеуінде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру