Қарағанды облысында отбасының шырқын бұзған 10 адам жауапқа тартылды
Қарағанды облысында отбасының шырқын бұзған 10 адам жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 маусымнан бастап Мемлекет басшысы 2024 жылғы 15 сәуірде қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Заң әйелдер мен балаларға, соның ішінде отбасында кездесетін зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтіп, оларды қорғауға бағытталған.
– Бүгінгі таңда Қарағанды облысында отбасындағы зорлық-зомбылық дерегі үшін 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Жаңа заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың тізімін 46 жастағы Теміртау қаласының тұрғыны бастады, – дейді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
16 маусым күні сағат 02:00 шамасында Теміртаулық тұрғын отбасында шыққан кикілжің барысында өзінің әйеліне дене жарақаттарын келтірген. Күдікті жасаған қылмысы туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Күдікті азамат адам денсаулығына жеңіл жарақат келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ оған отбасындағы құқыққа қайшы жасалған әрекеті үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Заңға сәйкес ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.