Қарағанды облысында патрульдік полиция батальоны автожолдарда күшейтілген бақылау жүргізуде
Қарағанды облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдарда күшейтілген бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауа райының күрт өзгеруіне, қалың қар жауып, желдің күшеюіне байланысты республикалық маңызы бар Қарағанды - Астана бағытындағы тасжол уақытша жабылды.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері жол бойындағы ахуалды қадағалап, жолда қалған автокөліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үздіксіз мониторинг жүргізуде. Қар құрсауында қалған учаскелер туралы жедел ақпарат "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының мамандарына жолдануда.
— Қазіргі уақытта полиция жасақтары жолдардың жай-күйін тексеріп жатыр. Ауа райы қолайлы болған жағдайда жол қозғалысын қайта ашу немесе көліктерді ілеспе алып жүру жұмыстары жоспарлануда. Ол үшін трасса толықтай тазартылуы тиіс. Осыған байланысты экипаждар қар басқан аумақтарды анықтап, тиісті мекемелерге жедел түрде хабарлауда, — деді Қарағанды облысы ПД патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.
Қазіргі уақытта жолдың жабылуына байланысты Қарағанды - Астана бағытындағы тасжолдың Теміртау қаласынан шығар тұсында шамамен 450 автокөлік жиналып тұр. Жағдай полицияның тұрақты бақылауында.
