Қарағанды облысында погон таққан арулар марапатталды
Қарағанды облыстық полиция департаментінде шенді аруларға құрмет көрсетілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күніне орай облыстық полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті. Алдымен қиыны мен қызығы қатар жүретін ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүрген нәзік жандыларды департамент бастығы Нығмет Исмағұлов мерекемен құттықтады.
– Сіздер – мейірімділік пен сұлулықтың, шыдамдылық пен қамқорлықтың жарқын үлгісісіздер. Қоғамдағы, отбасындағы, қызметтегі рөлдеріңіз орасан зор. Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Күнделікті еңбектеріңізбен, аналық махаббаттарыңызбен айналаңызға жылулық сыйлап келесіздер. Сіздер тек қызметте ғана емес, өмірде де нағыз батыр жандарсыздар. Осы айтулы мерекеде сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс, ал жүректеріңізге шексіз бақыт пен қуаныш тілеймін! Көктемнің жылуы мен шуағы әрдайым өмірлеріңізді нұрландырсын, – деді ол.
Құттықтау сөзінен кейін өңірдің бас полицейі Нығмет Исмағұлов қызметте алдыңғы шептен көрініп, лауазымдық міндеттерін адал атқарып жүрген пагон таққан аруларды Ішкі істер министрлігінің ведомстволық наградаларымен және департамент бастығының грамоталары мен алғыс хаттарымен марапаттады.
Ішкі істер министрлігінің грамотасымен марапатталғандардың қатарында Жазира Орынбаева да бар. 15 жылға жуық құқық қорғау органдарында қызмет атқарып келе жатқан ол бүгінде Саран қалалық полиция бөлімінде еңбек етеді.
– Осы салада қызмет етіп келе жатқаныма 15 жыл болды. Полиция қызметі өте қиын болса да, ерлермен қатар әйел адамдар да бұл қызметті абыроймен атқарып келеді. Жауапкершілігі мол салада еңбек етіп жүрген барлық аруға сәттілік тілеймін, – деді марапат иесі Жазира Орынбаева.
Салтанатты іс-шара барысында ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүрген нәзік жандылардың аналарына да құрмет көрсетілді. Оларға ішкі істер министрі Ержан Саденовтің атынан алғыс хат табысталды.
Марапаттау рәсімінен кейін кеншілер астанасының өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнерпаздар әсем ән шырқап, арулардың қошеметіне бөленді.