Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында полицейлер арасында әдеби байқау өтті

Қарағанды облысында полицейлер арасында "Ұлт рухының жыршысы" атты әдеби байқау өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысының полиция департаментінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын насихаттау мақсатында "Ұлт рухының жыршысы" атты өлең оқу байқауы өтті. Шараға департаментке қарасты аумақтық бөліністерден 8 қызметкер қатысып, өзара өнер жарыстырды.

Мәдени және рухани құндылықтарды дәріптейтін байқауда Михайлов, Киров, орталық полиция бөлімдері, сондай-ақ Саран, Шахтинск, Балқаш қалалары мен Бұқар жырау және Нұра аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері ақын шығармаларын жатқа мәнерлеп оқыды.

Қатысушылардың арасында Бұқар жырау аудандық полиция бөлімінің инспекторы Ақерке Қарабаева ерекше көзге түсті. Ол Сұлтанмахмұт Торайғыровтың "Қызметі һәм аяныш халі" өлеңін тебірене оқып, көрермен көңілінен шықты.

– Кітап оқу мен поэзияға қызығушылық мектеп кезінен қалыптасқан әдетім. Қазір полиция қызметінде жүрсем де, шығармашылықтан қол үзген емеспін. Бұл байқау арқылы Торайғыровтың өмірі мен мұрасына терең бойлауға мүмкіндік алдым, – деді Ақерке Қарабаева.

Байқау қазылар алқасы құрамында ішкі істер органдарының ардагері, бірнеше кітаптың авторы Қанат Каренов, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуаныш Медеубаев болды.

Қазылар шешімімен байқаудың бас жүлдесін Киров полиция бөлімінің кезекші-инспекторы Дәулет Қабдыраш иеленді.

Мен Торайғыровтың “Мен қазақ” өлеңін орындадым. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қызметтен тыс уақытта осындай рухани іс-шаралар бізге шабыт пен сергектік сыйлайды, – деді жеңімпаз.

Байқау соңында үздік деп танылған қатысушылар полиция департаменті бастығының атынан алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру