Қарағанды облысында полицейлер гастролер-ұрыны ұстады
Қарағанды облысында полицейлер гастролер-ұрыны ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы полиция департаментінің қызметкерлері Алматы қаласында Шымкенттің 20 жастағы тұрғынын құрықтады. Ол еліміздің бірнеше өңірінде жасалған ұрлық қылмыстарына қатысы бар деген күдікке ілінді.
Алдын ала деректер бойынша, күдікті Қарағандыдағы сауда орталықтарының біріндегі зергерлік дүкеннен әшекей бұйымдарды және жергілікті мешіттердің бірінен қолсөмкені ұрлаған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 800 мың теңгеге бағалануда.
Тергеу кезінде ол Астана мен Алматы қалаларындағы мешіттерде жасалған тағы екі ұрлық дерегін мойындады. Бұл оның әртүрлі өңірлерде қылмыстық әрекетпен жүйелі түрде айналысқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер ұрланған мүлікті анықтау және тәркілеу бойынша шаралар қабылдауда, сондай-ақ күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.