Қарағанды облысында полицейлер Оңтүстік Кореядан келген туристке көмектесті
Қарағанды облысында полицейлер шетелдік қонаққа қолдау көрсетіп, отанымыздың қонақжайлығын тағы бір мәрте дәлелдеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Теміртау қаласында "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шарасы аясында патрульдеу барысында полиция қызметкерлері "Природа" саяжай қоғамы маңындағы орманды алқапта адасып қалған ер адамды байқаған. Ол – Оңтүстік Кореядан келген Хи Джун есімді турист болып шықты.
Онлайн-аударма арқылы сөйлескенде, саяхатшы өзінің Астанадан велосипедпен шығып, Алматыға бағыт алғанын жеткізді. Жолда бағдарынан жаңылып, Теміртау қаласының ескі қала ауданында адасып қалған.
Тәртіп сақшылары Даулет Сапаров пен Шыңғыс Яхияев қонаққа қол ұшын созып, велосипеді мен заттарын патрульдік көлікке тиеп, оны қаладан шығарып салды. Сондай-ақ туристке ас-ауқат ұсынып, әрі қарайғы бағыт-бағдарын көрсетіп жіберді.
– Біз онымен онлайн-аударма арқылы тілдестік. Ол шынында да Оңтүстік Кореядан келгенін айтты. Тоғыз айдан бері сапарда жүр екен. Астанадан велосипед сатып алып, осында жеткен. Қазір Қарағанды арқылы Алматыға баруды жоспарлап отыр, – деді патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Даулет Сапаров.
Бұл оқиға полиция қызметінің басты миссиясы – қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, сонымен қатар адамдарға көмек қолын созу екенін айқын көрсетеді. Осындай қамқорлық Қазақстанның қонақжайлы бейнесін әлемге паш етеді.