Қарағанды облысында полицейлер оқушылармен кездесті
Қарағанды облысында полицейлер оқушыларға профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді. "Заң мен тәртіп" идеологемасы аясында мектеп оқушыларының құқықтық сауатын арттыру, олардың заң нормаларын терең түсініп, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуіне жағдай жасау - бастаманың негізгі мақсаты.
Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №66 мектепте және Қ.Сәтбаев атындағы гимназияда полицейлер оқушылардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында кездесу ұйымдастырды. Дәрістер мен семинарлар барысында полицейлер заңнаманың маңызды баптарына тоқталып, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттерін жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдердің түрлі өмірлік жағдайларда қауіпсіз әрекет ету дағдыларын дамытуға назар аударылды.

Бұл кездесулердің басты ерекшелігі – ашық диалог. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, құқықтық түсініксіз жайттарды нақтылап, тәжірибелі құқықтанушылар мен полиция қызметкерлерінен кәсіби жауаптар алды. Осындай еркін пікір алмасу оқу материалын терең әрі тиімді меңгеруге жол ашты.
Бағдарламаның жүзеге асырылуы – өңірдің болашағына жасалған маңызды қадам. Заңға деген құрметті қалыптастырып, азаматтық белсенділікті күшейту, өз құқықтары мен міндеттерін саналы қабылдайтын жас буынды тәрбиелеу - құқықтық мемлекет құрудың берік негізі.
Жастардың құқықтық сауатының артуы – құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға ықпал ететін шешуші факторлардың бірі болмақ.
