Қарағанды облысында полицейлер қысқы демалыс кезінде балаларға жол қауіпсіздігін үйретті
Қарағанды облысында полицейлер қысқы демалыс кезінде балаларға жол қауіпсіздігін үйретті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында қысқы демалыс кезеңінде балалардың жол қозғалысы ережелерін сақтауын қамтамасыз етуге арналған профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осы мақсатта полиция қызметкерлері балалар көп жиналатын ойын-сауық орталықтарына барып, кішкентай қатысушыларға арналған танымдық викториналар өткізді. Жол ережелеріне қатысты сұрақтарға дұрыс жауап берген балалар арнайы сыйлықтарға ие болды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жасөспірімдерге қарапайым, бірақ аса маңызды жол жүру ережелерін түсіндіру.
– Бұған дейін мұндай алдын алу шараларын көбіне мектептерде өткізетінбіз. Қазір қысқы каникул кезінде балалар жиі баратын ойын-сауық орындарында осындай іс-шаралар ұйымдастыру тиімді әрі қажет деп ойлаймын. Ата-аналарымен бірге келген балалар үшін бұл ерекше пайдалы,– деді Қарағанды облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимов.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы облыста балалардың қатысуымен 251 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 300-ге жуық жасөспірім түрлі жарақат алған. Өкінішке қарай 15 бала жол апатының құрбаны болған. Сол себепті полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп, жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін жан-жақты түсіндіруде.

– Қысқы каникул кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу әрі қызығушылығын арттыру мақсатында балаларымды ойын-сауық орталығына әкелдім. Мұнда полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігі бойынша пайдалы ақпарат берді. Мұндай акциялар өте маңызды, себебі балаларды жол апаттарынан қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді ұстаз Сәуле Сәкен.

Шараға қатысқан балалар да өз әсерлерімен бөлісті:
– Мен полиция ағайларға бағдаршам түстерін, жаяу жүргінші ретінде қалай дұрыс жүру керектігін айтып бердім. Викторина өте қызықты болды. Барлық достарымды жол жүру ережесін сақтауға шақырамын, – деді жас қатысушы Іңкәр Аман.
