Қарағанды облысында полицейлер туристерге QR-коды бар арнайы карталар ұсынуда
Қарағанды облысында полиция департаментінің қызметкерлері туристерге цифрлық сервистері бар арнайы карталарды ұсынуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағандыда полиция қызметкерлері шетелден Қазақстанға келетін азаматтар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр.
Туристер кездесетін қоғамдық орындарда, атап айтқанда әуежай, теміржол бекеттерінде арнайы туристік карталар таратып жатыр.
Қарағанды облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Уәлиевтің айтуынша, туристік картаның басты ерекшелігі – заманауи цифрлық сервистерге қол жеткізу мүмкіндігі бар QR-код белгіленген .
Мобильді қосымшада өңірдің инфрақұрылым нысандары көрсетілген интерактивті карта, қонақүйлердің, мейрамханалардың және мәдени орындардың мекенжайлары мен қауіпсіз интернет-трафик ұсынатын байланыс операторлары туралы ақпарат бар.
Сондай-ақ туристерге ыңғайлы болу үшін қосымшаның ішіне такси шақыру қызметін де орнатқан. Жаңа сервис шетел азаматтарына өңірде оңай бағдар алуға, қажетті қызметтерді кедергісіз пайдалануға және елімізде өздерін сенімді ұстауға мүмкіндік береді.
Шетелдік туристер QR-коды бар картаның мүмкіндіктері мен қызметін жоғары бағалап, уақытты үнемдеп, сапарды барынша қауіпсіз әрі жайлы ететінін атап өтті.