Қарағанды облысында полицейлер заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қойды
Қарағанды облысында полицейлер заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қойды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңсыз жолаушылар тасымалының алдын алу мақсатында “Тасымалдаушы” жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
Іс-шара барысында патрульдік полиция қызметкерлері Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті автожолында Toyota Estima көлігін тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, қалааралық бағытта жолаушылар тасымалдап жүргені анықталды.
Ұқсас дерек Астана – Қарағанды – Алматы тасжолында тіркелді. Полицейлер жүргізуші куәлігінен айырылған Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісін ұстады.
Сонымен қатар облыс жолдарының бірінде Mercedes Sprinter көлігінің жүргізушісі отырғыш орындарын ұйықтайтын орындарға қайта жабдықтағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Көліктер айып тұрағына қойылды.
Полиция азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заңсыз жолаушылар тасымалымен күресті жүйелі түрде жалғастырады. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін және жолаушыларды тасымалдаудың белгіленген талаптарын қатаң сақтауға шақырады.