Қарағанды облысында полицейлер жолда қалған автобус жолаушыларына көмектесті
Полицейлер Алматы – Екатеринбург тасжолында істен шыққан автобус жолаушыларына көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар тасжолдарда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшейтілген жұмыс режимінде қызмет атқаруда. Олар жол қозғалысын қатаң бақылауда ұстап, қиын жағдайға тап болған азаматтарға шұғыл көмек көрсетті.
Мәселен, Алматы – Екатеринбург тасжолының 559-шақырымында Гүлшат елдімекенінен 30 шақырым жерде полицейлер дизель отыны қатып, жылытқышы істен шыққан Volvo автобусын байқаған. Автобус ішінде Алматыдан Екібастұз қаласына бағыт алған 15 жолаушы болған.
Патрульдік полиция батальонының екі экипажы жолаушыларды Балқаш қаласына қауіпсіз жеткізді. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары автобусты іске қосу жұмыстарын ұйымдастырып, қажетті көмекті көрсетіп жатыр.