Қарағанды облысында полиция 3 мыңнан астам есептегі тұлғаны тексерді
Қарағанды облысында полиция 3 мыңнан астам есептегі тұлғаны тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында 10 ақпаннан бастап құқық бұзушылықтың алдын алу, полиция органдарында есепте тұрған адамдарға бақылауды күшейтуге бағытталған “Есептегі тұлға” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
– Іс-шараның алғашқы күндерінің қорытындысы бойынша полицейлер 3 мыңнан астам есептегі тұлғаны тексерді. Тексеру барысында соттың белгілеген талаптарын бұзудың 143 дерегі анықталды, бұл азаматтардың осы санатына мұқият назар аудару қажеттігін көрсетеді. Қылмыстың қайталануын болдырмау мақсатында сотқа шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды жою, әкімшілік қадағалауды белгілеу және ұзарту мәселелері бойынша 17 материал жолданды, – деді Қарағанды облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қайырбек Шәкенов
Құқықтық сауаттылықты арттыру және жазаның бұлтартпастығын көрсету үшін Теміртау және Абай қалаларында көрсетілімді сот отырыстары өткізіліп, оның қорытындысы бойынша үш есептегі адамға қатысты әкімшілік қадағалау белгіленді.
Сонымен қатар іс-шара аясында 2021 жылы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және уақытында есепке тұрмаған адамның орналасқан жері анықталды.