Қарағанды облысында полиция 600-ден астам автокөліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етті
Қарағанды облысында полиция 600-ден астам автокөліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Қарағанды облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Соның салдарынан Қарағанды - Балқаш және Балқаш - Қарағанды бағыттарында жолдың көктайғақ болуына байланысты 600-ден астам автокөлік жолда қалып қойды.
Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны мен аумақтық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері жедел түрде жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары жолда қалған көлік құралдарын ұйымдасқан түрде ілесіп алып жүру арқылы қауіпсіз бағытта жеткізді.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, қазіргі уақытта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс атқаруда.
- Біздің басты міндетіміз - азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, олардың діттеген жеріне аман-есен жетуін қамтамасыз ету. Осы мақсатта барлық қажетті шаралар қабылдануда, - деді ол.
Жол қозғалысына шектеу енгізілген кезеңде кейбір азаматтар тарапынан наразылық та байқалды. Алайда полиция қызметкерлері қабылданып жатқан шаралар жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін жасалып жатқанын түсіндірді.
- Қойылған шектеулерге қарамастан жолға шығуға тырысқан жағдайлар болды. Мұндай шешімдер адамдардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жүргізушілерден ауа райы қолайсыз кезеңде жолға шықпауды және полицияның ескертулеріне түсіністікпен қарауды сұраймыз, - деді Жасқайрат Қайыров.
Демалыс күндері жол жабық екеніне қарамастан, ескертулерді елемей жолға шыққан төрт жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
