Қарағанды облысында полиция пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты құрықтады
Қарағанды облысында полиция пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы, Шахтинск қалалық полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында облыс аумағында ұрлықпен айналысқан 30 бен 31 жас аралығындағы үш азамат ұсталды. Күдіктілер қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында 71 жастағы зейнеткердің үйінің терезесін сындырып кіріп, ол жерден жалпы құны 5 миллион 500 мың теңге тұратын құнды заттарын қолды қылған. Осымен қоймай, бірнеше күн өткен соң басқа пәтерге ұрлыққа түскен олар ол жерден алтын бұйымдармен 2 миллион 340 мың теңге ақшаны ұрлағаны анықталды.
Аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері барысында полиция қызметкерлері күдіктілердің осыған ұқсас тағыда 4 қылмысқа қатысы бар екенін анықтады. Ол қылмыстарды күдіктілер қарағанды және теміртау қалаларында жасағаны белгілі болды.
Күдіктілердің жымысқы әрекеттерінен жәбірленушілерге жалпы құны 9 миллион 500 мың теңге шығын келген.
Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды.