Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында "Қауіпті жүргізуші" іс-шарасы жалғасуда

Қарағанды облысында "Қауіпті жүргізуші" іс-шарасы жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында "Қауіпті жүргізуші" атты жедел-профилактикалық іс-шара өткізіліп жатыр.

Іс-шара басталғалы патрульдік полиция қызметкерлері шамамен 2 500 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін тіркеді.

Қарағанды облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимовтың мәліметінше, ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтар: көлік тізгінінде отырып мобильді телефон қолдану (461 жағдай), жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару (91 дерек) және масаң күйде көлік жүргізу (46 жағдай).

Қарағанды қаласында патрульдік полиция маршруттық автобусты тоқтатып, құжаттарын тексеру кезінде 32 жастағы жүргізушінің қыркүйек айында жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды.

Автобус айып тұрағына қойылды. Сондай-ақ 35 жастағы жүргізуші жолаушыларды заңсыз тасымалдағаны үшін ұсталды; облыс бойынша осындай 11 құқық бұзушылық фактісі тіркелген.

Сонымен қатар багаж тасымалдау ережесін бұзудың 33 жағдайы анықталды.

Басқарма бастығы атап өткендей, 30 жүргізуші қарсы бағыттағы жолаққа шығып, өзге көлік жүргізушілеріне қауіп төндірген, ал 3 жүргізуші көлікті жалған мемлекеттік нөмірмен басқарған.

"Қауіпті жүргізуші" іс-шарасы әлі де жалғасуда.

Полиция жол қозғалысына қатысушыларды ережені қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият әрі жауапты болуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру