Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында ҚАЖ қызметкерлері арасында футзалдан турнир ұйымдастырылды

Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД қызметкерлері арасында футзалдан турнир ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған бұл спорттық шара – тек доп қуалау ғана емес, ұжымдық ынтымақ пен салауатты өмір салтын насихаттаудың тамаша үлгісі болды.

Турнирдің салтанатты ашылуында қатысушыларға Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Ерлан Апаханов ізгі тілегін арнады. Ол мұндай шаралардың ұжымдық рухты нығайтып, әріптестер арасындағы жолдастық қарым-қатынасты арттыра отырып, спортты кеңінен дәріптеуге ықпал ететінін атап өтті.

– Футбол – жай ғана ойын емес. Бұл – командалық жұмыс, бір-біріне қолдау көрсету және ортақ мақсатқа бірге ұмтылу. Бүгінгі алаңда спортқа бейжай қарамайтын, рухы мықты қызметкерлер жиналғанына қуаныштымын, – деді Ерлан Апаханов.

Салтанатты бөлімнен соң алаңға 11 команда шығып, өзара бақ сынады. Әр команда жеңіске деген жігерін, бірлігін және физикалық дайындығын көрсете білді. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Әр гол жанкүйерлердің ыстық ықыласымен, айрықша эмоциялармен сүйемелденді.

Қорытынды бойынша №33 мекеменің командасы сенімді ойын көрсетіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Екінші орынды №32 мекеме, ал үшінші орынды №34 мекемеден құрылған командасы иеленді.

– Бұл жеңіс – біз үшін үлкен мағынаға ие. Біз әрбір матчқа бар ынтамызбен шықтық. Бұл турнир тек спорт жарысы ғана емес, нағыз командалық рухты сезінудің мүмкіндігі болды. Ұйымдастырушылар мен қарсыластарға алғысымыз шексіз, – деп бөлісті жеңімпаз команда капитаны Мадияр Кәрібай.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Турнир барша қатысушыға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру