Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында қоғамдық қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Қарағанды облыстық полиция департаментінде Консультативтік-кеңесші органның жұмыс кеңесі өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеңеске департамент бастығы Нығмет Исмағұлов, кеңесші органның мүшелері және департаменттің басқарма басшылары қатысты.

Жиынды Консультативтік-кеңесші органның төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Серікжан Байбосынов ашып, өткен жылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған бірлескен жұмыстарды қорытындылады.

Кеңес барысында мүшелердің баяндамалары тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланды. Отырыс барысында қазіргі таңда алаңдатарлық жағдайға айналған есірткі қылмыстары мен алаяқтық фактілерінің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кеңес мүшелері бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды жандандыруға қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды.

— Департаменттің басқарма басшылары мен жеке құрамы сіздермен бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайын. Сондықтан бүгінгі отырыста көтерілген мәселелер менің жеке бақылауымда болады. Алаяқтық қылмыстармен күресуде бүкіл қоғам болып әрекет етуіміз қажет, — деді облыстық полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов.

Кеңес соңында қатысушылар биылғы жылға арналған жұмыс жоспарын бекітіп, ұсыныстарды пысықтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру