Қарағанды облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілді
Қарағанды облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері Қарағанды облысының барлық өңірлерінде полицияның ауқымды профилактикалық рейдтері ұйымдастырылды. Іс-шаралар Қазыбек би және Ә.Бөкейхан атындағы полиция бөлімдерінде, Жаңа Майқұдық, Оңтүстік-Шығыс және Ескі қала аумақтарында, сондай-ақ Саран, Шахтинск, Балқаш және Приозерск қалаларында өтті.
Рейдтерге полицияның жеке құрамы толықтай жұмылдырылып, пробация қызметінің өкілдері мен қоғам белсенділері де тартылды. Негізгі мақсат — құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Іс-шара барысында тәулік бойы жұмыс істейтін әрі адамдар көп жиналатын орындар — сауда орталықтары, супермаркеттер, азық-түлік және гүл сататын дүкендер, жанармай құю бекеттері жан-жақты тексерілді. Азаматтармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша ақпарат берілді.
Сонымен қатар тұрғындарға учаскелік полиция инспекторларының байланыс деректері көрсетілген визиткалар мен интернет-алаяқтыққа қарсы сақтық шаралары туралы жадынамалар таратылды.
Бұдан бөлек, жалдамалы пәтерлер, шаруа қожалықтары, саяжай алқаптары, есепте тұрған тұлғалар, пробация қызметінің бақылауындағы азаматтар, жалғыз тұратын тұрғындар және облыс аумағында уақытша жүрген шетел азаматтары тексеруден өтті.
Нәтижесінде екі күн ішінде 400-ден астам құқық бұзушылық анықталып, 136 есептегі тұлға, 78 қару иесі, 46 шетел азаматы және 69 жалдамалы пәтер тексерілді.
Полиция қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыра береді.
