Қарағанды облысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейд өтті
Қарағанды облысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейд өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс секторында құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған кең көлемді профилактикалық рейд өткізілді. Локалды сипаттағы бұл шара - полицияның тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жүйелі жұмысының бір бөлігі.
Рейд барысында құқық қорғау органдары полиция есебінде тұрған 396 тұлғаны тексерді. Қоғамдық орындар мен тұрмыстық қатынастар саласындағы ахуалды бақылауға ерекше назар аударылды. Нәтижесінде 72 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды: отбасылық тыныштықты бұзу бойынша 3 дерек тіркелді, оның бірі - қорғау нұсқамасының талаптарын орындамау; қала аумағын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 22 тұрғынға ескерту берілді; көші-қон заңнамасын бұзған 25 азаматқа шара қолданылды; көшедегі азаматтарға жөнсіз тиіскен 2 тұлғаның әрекетіне тосқауыл қойылды; қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде жүрген 12 адам ұсталды; жеке басын анықтау мақсатында 7 азамат қабылдап-тарату орнына жеткізілді.
Қарағанды қаласында полиция құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған мұндай рейдтерді тұрақты негізде өткізіп келеді.