Қарағанды облысында "Құқықтық тәртіп әліппесі" атты танымдық акциясы өтті
Қарағанды облысында "Құқықтық тәртіп әліппесі" атты танымдық акциясы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында "Заң мен тәртіп" идеологемасы және ҚР Ішкі істер министрі жариялаған "Профилактика жылы" аясында "Құқықтық тәртіп әліппесі" атты кең көлемді танымдық акция басталды. Жобаның негізгі мақсаты - полиция қызметінің ашықтығын арттырып, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, журналистер, блогерлер және студенттердің қауіпсіздік саласындағы процестерге еркін қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Акция барысында қатысушылар полицияның 11 бағыттағы қызметімен танысты: тергеу, криминалистика, ювеналдық полиция, көші-қон және жедел басқару орталығы, сондай-ақ арнайы мақсаттағы жасақ жұмысы. Әр бөлімшенің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі рөлі іс жүзінде көрсетілді.

Іс-шараны Қарағанды облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Жасқайрат Қайров ашып, қонақтарды қарсы алды және өңірдегі полиция жұмысының басым бағыттарына тоқталды.

– Бүгінгі басқосудың маңызы ерекше. “Заң мен тәртіп” қағидаты - баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Бұл тек полицияның ғана емес, бүкіл мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның міндеті. Сіздердің белсенді қатысуларыңыз үшін алғыс айтамын, -деді ол.

Бағдарлама барысында қонақтар еңбек және жауынгерлік даңқ музейін, Оқу орталығының тергеу-криминалистикалық полигонын аралап, арнайы бөлімшелердің қару-жарағы, мобильді криминалистикалық зертхана және кинологиялық қызметтің жұмысымен танысты. Кейін олар әр бағыт бойынша бөлініп, бөлімшелердің қызмет ерекшеліктерін тереңірек зерттеді.

Облыстық мәслихат депутаты, "AMANAT" партиясының әйелдер қанатының жетекшісі Зара Шалабаева мен облыс әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Айжан Қиясова тергеу басқармасының жұмысымен танысты. Оларға ауыр және аса ауыр қылмыстарды тергеу процесі көрсетілді.

– Тергеушілердің жұмысы – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі мемлекеттік саясаттың өзегі. Бұл – кәсібилік пен табандылықты талап ететін аса жауапты сала. Әсіресе тергеу барысының цифрландырылу деңгейі қуантады: процестер анағұрлым ашық, жедел және нақты. Бұл – жүргізіліп жатқан реформалардың жемісі. Бөлімшелерде заңдылықты нығайтуға және азаматтардың сенімін арттыруға шынайы үлес қосып жүрген мамандар қызмет ететінін көрдік, – деді Зара Шалабаева.

Журналист Ерлан Жетенов криминалистер жұмысына ерекше қызығушылық білдірді. Оның айтуынша, дәл осы мамандар күрделі істердің ашылуында шешуші рөл атқарады.

– Криминалист-сарапшылардың жұмысын жақыннан көру мен үшін маңызды болды. Олар көбіне назардан тыс қалады, бірақ тергеудің негізгі тірегі – осы мамандар. Ұрлық, зорлық немесе адам өлтіру сияқты ауыр қылмыстардың ашылуы көп жағдайда олардың мұқият жұмысына байланысты. Олар - көзге көрінбейтін майданның шын жауынгерлері, – деді ол.

Акция соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, мұндай шаралар полиция мен қоғам арасындағы сенім мен ынтымақтастықты арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
