Қарағанды облысында Республика күніне орай полицейлер арасында спартакиада өтті
Қарағандының "Динамо" спортшылары Республика күніне арналған спартакиадада үздіктерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында Республика күні қарсаңында полиция қызметкерлері арасында дәстүрлі спартакиада өтті. Жарыстар облыстық полиция департаментінің және ДШСҚ "Динамо" ұйымының қолдауымен Қарағандыдағы спорт кешенінде ұйымдастырылды.
Бұл жолғы бәсекеде өңірдің әртүрлі бөлімшелерінен келген 13 команда құрамындағы 145 қызметкер төрт спорт түрінен – баскетбол, шахмат, арқан тартыс және үстел теннисінен бақ сынады.
Тартысты дода нәтижесінде жалпыкомандалық есепте бірінші орынды – патрульдік полиция полкі иеленді, екінші орынды – ЖҚАЖ тобы, ал үшінші орын – Нұра ауданы полиция бөлімінің командасына бұйырды.
Арқан тарту сайысында жедел қимылдайтын арнайы жасақ құрамасы мықтылығын дәлелдеп, патрульдік полиция полкі екінші, ал арнайы даярлық басқармасының командасы үшінші орынға табан тіреді.
Шахмат бойынша үздіктер қатарынан Нұра ауданы полиция басқармасының өкілдері – Ғ.Әбішев пен А.Боранқұл көрінді. Олардың ізін ала Оңтүстік-Шығыс полиция басқармасының қызметкерлері А.Каримбеков пен Р.Дандыбаев екінші орынға, ал патрульдік полиция полкі командасының ойыншылары Б.Таймасов пен М.Багаутдинов үшінші орынға ие болды.
Үстел теннисінен патрульдік полиция полкінің спортшылары Ж.Сайлау мен Р.Отарбаев жеңімпаз атанды. Екінші орында – Нұра ауданының М.Тұяқбаев пен Д.Жанабылов, үшінші орында – ЖҚАЖ өкілдері Т.Сүлейменов пен А.Бәкенов.
Баскетбол жарысында да патрульдік полиция полкінің командасы қарсыластарына дес бермей, жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды Жедел қимылдайтын арнайы жасақ, үшінші орынды Арнайы кәсіби даярлық басқармасы иеленді.
Жарыс барысында үздік ойыншылар жеке номинациялармен марапатталды. "Үздік шабуылшы" номинациясымен А.Қуанышпаев, "Үздік ойыншы" номинациясымен патрульдік полиция полкі командасының өкілі және "Үздік қорғаушы" номинациясымен Б.Минажсов марапатталды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге "Динамо" ДШСҚ атынан алғыс хаттар, медальдар және кубоктар табысталды. Бұл жарыс полиция қызметкерлерінің спортқа деген қызығушылығын арттырып, ұжымдық рух пен серіктестікке негізделген салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.