Қарағанды облысында санитарлық нормаларды бұзу дерегіне байланысты 15 мыңнан астам хаттама толтырылды
Қарағанды облысында санитарлық нормаларды бұзу дерегіне байланысты 15 мыңнан астам хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 сәуірден бастап Қарағанды облысының аумағында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама негізінде тәртіп сақшылары жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлесіп, қаланың абаттандыру мәселесіне байланысты түсіндіру жұмыстарымен қатар, абаттандыру ережесін бұзудың алдын алуға негізделген рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.
– Бағдарлама басталғаннан бері облыс аумағында санитарлық нормаларды бұзу дерегіне байланысты 15 мыңнан астам хаттама толтырылып, 37 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Сауда үйлері, дүкен, дәмхана және жылдам тамақтану орындары, түнгі көңіл көтеру, жанар-жағармай бекеттері сияқты ұйымдар мен мекемелердің басшыларына қатысты 3082 әкімшілік хаттама толтырылып, 10 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, – деді Қарағанды облысының ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Қайыровтың айтуынша, мұндай әкімшілік айыппұлдардан соң жоғарыда аталған мекемелер мен ұйымдардың аулалары тазаланып, анықталған кемшіліктер жойылған. Сондай-ақ жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары көпқабатты үйлердің ауласында тазалықтың болмауы және қоқыстардың шашылып жатуына байланысты 115 пәтер үйлері кооперативінің төрағалары мен көпқабатты үйлерге жауапты тұлғаларын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ Қарағандыдағы ықшам аудандардың бірінде тұратын азаматтардан балалар ойнайтын алаңда шөптің өсіп кеткені жөнінде арыз түскен. Сол алаңға жауапты тұлғаларға 110 мың теңге айыппұл салынды. Осыған ұқсас полицияға 250 хабарлама түсті.
Полиция департаментінің бастауымен барлық қала, аудандарда сайттар ашылды. Сол сайттарға тұрғындар абаттандыруды бұзу деректері бойынша ақпарат жіберуге мүмкіндігі бар.
– Осы бағытта қаланың тазалығына бей-жай қарамайтын азаматтардың көмегімен облысты көркейтуге байланысты ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Түскен барлық хабарлама бойынша тәртіп сақшылары тиісті жұмыстар атқарады, – деді Жасқайрат Қайыров.