Қарағанды облысында сотталғандар балаларға арнайы сыйлықтар дайындады
Қарағанды облысында сотталғандар балаларға тәтті букеттер дайындады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл мерекесі – әрдайым ғажайыптар мен ертегілерге толы ерекше уақыт. Екінші жыл қатарынан Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД-ға қарасты №36 мекемесінің сотталғандары аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына арнайы сыйлықтар дайындап, қуанышқа бөледі.
Мекеме қызметкерлері сотталғандарды тәтті букетті жасауға керек заттармен қамтамасыз етті.
– Өткен жылы сотталғандар Папье-Маше техникасында үлкен сыйлықтар әзірлеген еді. Биыл олар балаларды тәтті букеттермен қуантуды шешті. Балаларға ерекше сыйлық дайындау дәстүрі сотталғандарға оң әсер етеді. Олар балаларды қалай таңғалдыруға болатынын талқылап, дайындыққа бар ынтасымен кіріседі, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары А..Кошкинов.
Мекеме қызметкерлері Аяз Ата мен Ақшақар бейнесінде көпбалалы отбасыларға барып, балаларды келе жатқан мерекемен құттықтап, сыйлықтарын табыстады.