Қарағанды облысында танысына сенген тұрғын банкке қарыз болып қалды
Қарағанды облысында танысына сенген тұрғын банкке қарыз болып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласында алаяқтық дерегі тіркелді. 59 жастағы қала тұрғыны танысына сенім білдіріп, соның салдарынан өз атына заңсыз рәсімделген 1 миллион теңгеден астам несиені өзі өтеуге мәжбүр болған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, өткен жылдың қыркүйек айында 28 жастағы азамат жәбірленушінің сеніміне кіріп, оның атына несие рәсімдеген. Ол ай сайынғы төлемдерді өз мойнына алатынын айтып сендірген. Алайда төрт ай өткен соң несие өтелмегені белгілі болып, жалпы берешек көлемі 1,2 миллион теңгеге жеткен.
Аталған дерек бойынша Жаңа Майқұдық полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды.
Анықталғандай, ол қаражатты иемденгеннен кейін Қарағанды қаласынан кетіп, елордаға жасырынуға тырысқан. Қазіргі таңда оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Мұндай қылмыстардың басты себебі – шамадан тыс сенім мен қаржылық сауаттың төмендігі.
Есіңізде болсын:
– Жеке куәлік деректерін, банк картасының мәліметтерін, SMS-кодтар мен электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін бөгде адамдарға бермеңіз;
– өз атыңызға несие рәсімдеуге ешкімге рұқсат бермеңіз, тіпті жақын таныстарыңыз болса да;
– кез келген қаржылық құжатқа қол қою алдында оның мазмұнын мұқият тексеріңіз;
– күмәнді жағдай туындаса, дереу банкке және полицияға хабарласыңыз.
