Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында тәртіпті жүргізушілер марапатталды

Қарағанды облысында бір жыл бойы жол ережесін бұзбаған жүргізушілерге полиция тосын сый жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысында жол қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосып жүрген тәртіпті жүргізушілерге ерекше құрмет көрсетілді.

"Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы аясында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері бір жыл көлемінде жол қозғалысы ережесін бұзбаған азаматтарға арнайы сыйлықтар табыс етті.Рейд республикалық маңызы бар Қарағанды – Астана тасжолында, Теміртау қаласының маңындағы терминал аумағында өтті.

Патрульдік полиция инспекторлары тоқтатқан әрбір жүргізушімен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың мәліметтерін қызметтік планшет арқылы тексеріп отырды.

Егер жүргізушінің жыл бойы бірде-бір құқық бұзушылыққа жол бермегені анықталса, тәртіптілігі үшін көлікке қажет шағын сыйлық ұсынылды.

Осындай сыйлыққа ие болғандардың бірі — Астанадан Қарағандыға бет алған Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі Олег Бюрков. Ол бір жыл ішінде ешқандай ереже бұзбағаны үшін полициядан қар тазалайтын арнайы щетка алды. Күтпеген сыйлыққа қуанышын жасыра алмаған ол: "мұндай тосын сыйды күтпеген едім, өте қуаныштымын", — деді.

Сондай-ақ жүргізуші Нұргүл Райсова көліктің терезесін қардан қорғауға арналған арнайы қапшыққа ие болып, полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, барша жүргізушіні тәртіп сақтауға шақырды.

Патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Сұңғат Абылқас жүргізушілерді ынталандырудың негізгі мақсаты жолдардағы тәртіпті нығайтып, құқық бұзушылықтың алдын алу екенін атап өтті:

- Қазір облыс аумағында “Қауіпсіз жол” жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Патрульдік полиция қызметкерлері республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдарда күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр. Тәртіп бұзбаған жүргізушілерге шағын сыйлық табыстау - олардың заңға деген құрметін бағалау әрі өзге азаматтарға үлгі ету, - деді ол.

Статистикалық деректерге сәйкес, жыл басынан бері өңір жолдарында мас күйінде көлік жүргізу немесе медициналық куәландырудан бас тартудың 220 дерегі тіркелген. Сонымен қатар 73 жүргізуші жалған мемлекеттік нөмір таққан, 53 азамат көлік жүргізу құқығынан айырылса да рөлге отырған. Бұдан бөлек, заңсыз жолаушы тасымалдаудың 53 фактісі және жолдың қарсы бағытына шығудың 133 жағдайы анықталған.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар тәртіп бұзушылықтың алдын алып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде оң нәтиже береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру