Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында учаскелік полицейлер өрттің алдын алды

Қарағанды облысында учаскелік полицейлер өрттің алдын алды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Габиден Мұстафин атындағы ауыл тұрғындары учаскелік полиция инспекторлары Қанат Орманбетов пен Саяхат Салықбаевқа ерекше ризашылығын білдірді.

Қырағылық пен жедел әрекет етудің нәтижесінде олар тұрғын үй мен көрші құрылыстарға таралуы мүмкін болған өрттің алдын алып, үлкен қауіптің бетін қайтарды.

1 маусымы күні сағат 11:00 шамасында ауыл тұрғыны Виктория Мазурдың ауласында қураған шөптің тұтануынан өрт шығып, лезде тарала бастады. Ауа райының құрғақтығы мен жел өрттің жылдам өршуіне себеп болды. Қауіп тұрғын үйге және жанындағы нысандарға төнді. Оқиға орнына ең алғаш болып жеткен учаскелік инспекторлар жағдайды жылдам бағалап, тұрғындармен бірге тілсіз жауға қарсы күресті бастап кетті.

Полицейлердің батылдығы, сабырлылығы және үйлесімді әрекеттері оттың одан әрі таралуына жол бермеді. Аумақ уақытылы оқшауланып, өрт сөндірушілер келгенге дейін бақылауға алынды.

— Қанат Орманбетов пен Саяхат Салықбаевқа деген алғысымыз шексіз. Олар бір сәт те ойланбастан көмекке ұмтылып, нағыз ерлік көрсетті. Осындай учаскелік полицейлердің барына шын жүректен қуанамыз, — деп жазды Виктория Мазур ауылдың ресми чатында.

Бұл оқиға – полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігімен қатар, азаматтық жауапкершілігінің айқын дәлелі. Жергілікті тұрғындар учаскелік инспекторларын тек құқықтық тәртіп сақшысы ретінде ғана емес, өздерінің сенімді тірегі ретінде қабылдайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру