Қарағанды облысында ұрланған көлікпен жол апатын жасағандар ұсталды
Қарағанды облысында ұрланған көлікпен жол апатын жасағандар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 мамырда сағат 5.00 шамасында Қарағанды облысы Шахтинск қаласының полиция бөліміне қала аудандарының бірінде белгісіз адам автокөлікті ұрлап кетті деген хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына бірнеше минуттан кейін Шахтинск қаласының ПБ патрульдік полиция взводының жасағы және учаскелік полиция қызметкерлері келді. 27 жастағы жәбірленуші қала тұрғыны жұмыс ауысымынан оралып, көлікті үйдің ауласына қойғанын түсіндірді. Таң ата көліктің орнында жоқ екенін байқаған.
Көп ұзамай полицейлер қаскүнем жол апатына түсіп, тастап кеткен ұрланған көлікті үйлердің бірінің жанынан тапты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында «ізін суытпай» 22 жастағы екі күдікті анықталып, ұсталды.
Ұсталғандардың бірінен полицейлер ұрланған көліктен ұрлап кеткен автомагнитоланы тәркіледі.
ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильді ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену), сондай-ақ ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Сол күні Саран қаласының полиция бөлімінің қызметкерлері 19 сәуірде болған автокөлік ұрлығын анықтады. Белгісіз біреу басқа біреудің көлігіне мінуді шешіп, басқаруды игере алмай жол апатын жасады. Автокөліктің алдыңғы оң жақ қанаты зақымданған. 23 жастағы жәбірленуші келтірілген шығын мөлшерін 1,2 млн теңгеге бағалады. ҚР ҚК 200-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 20 жастағы жас жігітті анықтап, ұстады.Ол кінәсін толық мойындады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.