Қарағанды облысында ұры ұсталды
Балқаш қаласының тұрғыны мейрамханада орнатылған ауа баптағыштардың кабельдерін ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 қараша күні Қарағанды облысы Балқаш қалалық полиция бөліміне 54 жастағы азаматша хабарласып, қаладағы мейрамханалардың бірінің әкімшісі болып қызмет атқаратынын айтып, қазіргі уақытта мейрамхананың уақытша жұмыс істемей тұрғанын пайдаланған белгісіз біреудің ғимаратта орнатылған ауа баптағыштардың кабельдерін ұрлап кеткені туралы шағымданған.
Келтірілген шығын көлемі 1 миллион 500 мың теңгені құраған.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 24 жастағы азаматты ұстап, ол қылмысын мойындады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.